Премьера. «Жетінші күн» спектаклі
«Жетінші күн» - өзін енді түсінбейтін әлеммен бетпе-бет қалған адам туралы спектакль.
Алгоритмдер жанашырлықты үйреніп, ал адамдар нұсқаулықпен сөйлейтін заманда қателік тірі болмыстың соңғы белгісіне айналады.
Бұл кейіпкерлер құтқарылуды да, ақиқатты да іздемейді - олар өзіне жауап қататын жанды дауыс іздейді. Олардың сөздері қамқорлық скриптке, жанашырлық протоколға, ал таңдау пайдалану ережесіне айналған суық жүйенің логикасымен қақтығысады.
Бұл - түзетуге келмейтін ақау туралы хикая.
Бәрі алдын ала жазылып, реттеліп, сақталып қойған кеңістікте естілуге деген талпыныс туралы.
Мүмкін, бәріне бірдей орын табылмайтын болашақ жайлы.
«Жетінші күн» спектаклі - қазіргі қазақстандық драматург Александр Иванковтың «Қате» пьесасы негізінде қойылған туынды. Ол адам жауапкершілігі, адамның өзі жасаған дүниесімен арадағы шекара және алгоритм аяқталып, өмір басталатын тұс туралы ой қозғайды.
