ВЕНА КЛАССИКТЕРІМЕН КҮЗ
6 қыркүйек күні сағат 17:00-де Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық залында «Осень с венскими классиками» циклы аясында ерекше музыкалық кеш өтеді. Көрермендерге Қазақстанның мемлекеттік триосы FORTE TRIO мен альтшы Леонид Мысовский өнер көрсетеді.
Кеш бағдарламасында классикалық музыка тарихының қос алыбы - Людвиг ван Бетховен мен Вольфганг Амадей Моцарттың туындылары орындалады.
Концерт шымылдығы Бетховеннің ертеректегі шығармашылығынан сыр шертетін фортепианолық триомен ашылады. Жас композитордың алғашқы топтамасына енген Op. 1 №1 туындысы - музыкалық тереңдікке, драмалық өрнекке және симфониялық серпінге толы шығарма.
Ал кештің екінші бөлімінде Моцарттың №2 фортепианолық квартеті (K.493) шырқалады. Бұл - камералық жанрдың жауһары, нәзік әуен мен үйлесімге құрылған, сыршыл сезім мен биік талғамға толы шығарма.
Кештің басты кейіпкерлері - Қазақстанның мемлекеттік триосы FORTE TRIO: пианист Тимур Урманчеев, скрипкашы Максат Джусупов, виолончельші Мурат Нарбеков. Арнайы қонақ - шеберлігімен танылған альтшы Леонид Мысовский. Олардың орындауындағы үйлесім көрерменге ерекше әсер сыйлайды.
«Осень с венскими классиками» циклы аясындағы бұл концерт - классикалық өнердің өлмес мұрасын тыңдарман жүрегіне жақындататын рухани мереке болмақ.
Достармен бөліс
Келесі оқиғалар сізге қызық болуы мүмкін:
