Белгілі қазақстандық суретші Ахмет Ахаттың «Уақыт ырғағы» көрмесі
«HAS SANAT» өнер галереясы қазақстандық танымал суретші Ахмет Ахаттың «Уақыт ырғағы» атты жеке көрмесін ұсынады. Көрме суретшінің 70 жылдық мерейтойына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналады. Экспозицияда 40 кескіндеме және графика туындысы ұсынылады.
Ахмет Ахат - суретші, график, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2004 ж.), Қазақстан Республикасы Өнер академиясының академигі (2020 ж.), Қазақстан суретшілер одағының мүшесі (1988 ж. бастап), шығыстану және ұйғыртану салаларының сарапшысы, сондай-ақ гобелен, керамика, видеоарт және фотоарт жасаушы шебер.
Ахмет Ахат өзінің өмірін өнер мен түркі мәдениетін зерттеуге арнаған, өйткені суретші үшін өткен мен бүгінді байланыстыратын рухани сабақтастықты өнер арқылы көрсету маңызды.
Ол шығармаларында Ұлы Жібек жолында орналасқан ежелгі қалалар мен қоныстардың терең тарихы туралы ой-толғауларын бейнелейді.
Суретшінің кескіндеме және графика туындыларының негізгі тақырыбы - Шығыс Түркістан қалалары, олардың шикі кірпіштен салынған үйлері, тар есік ойықтары бар қабырғалары, адам аяғы сирек басатын көшелері. Жаңа еңбектерінде Шығыс Түркістанның ежелгі қалалары аллегориялық кейіпте, терең рефлексия мен метафоралық астар арқылы көрініс табады, олар елес секілді, сана жетпейтін жұмбақ сұлба ретінде бейнеленеді. Ахмет Ахат ежелгі қалаларды кенеп бетіне ғана түсіріп қоймай, күн мен желден өңі кеткен петроглифтерге қанық бояулар сыйлап, оларға жаңа тыныс бере алды. Ол осылайша замандастарына ұмыт бола бастаған дәуірлерді еске салады.