КӨНЕ САРЫНДАР
2025 жылдың 11 қазан күні, сағат 17.00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында (Абай даңғылы, 29) «Сарыарқа» халық музыка ансамблі «Көне сарындар» атты ерекше концерттік бағдарламасын ұсынады.
Бұл кеш – сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының рухани қазынасын, дәстүрлі аспаптық музыканың тереңдігін, ұлттық үннің құдіретін дәріптейтін тағылымды шара болмақ. Көнеден жеткен күйлер мен бүгінгі тың шығармалар үндесе отырып, көрерменді ұлттық өнердің мәйегіне бөлейді.
Бағдарламада Қорқыт, Ықылас, Асанқайғы, Байжігіт сынды ұлы күйшілердің шығармалары, сондай-ақ халық күйлері мен заманауи авторлық туындылар орындалады. Қобыз, сазсырнай, адырна, сыбызғы, жетіген, шертер, барбыт, пиалафон секілді көне әрі сирек кездесетін аспаптардың үні кештің көркемдік деңгейін айшықтай түседі.
Концерт Тоғжан Жахиннің авторлық туындысы – «Алатау аясында» атты аспаптар шеруімен ашылады. Ансамбль бұл шығарма арқылы түрлі көне аспаптардың үнімен көрерменді төл музыка әлеміне жетелейді. Қобыздың киелі үніне негізделген Қорқыттың «Ұшардың ұлуы» мен «Қорқыт», Ықыластың «Кертолғау», «Аққу», «Шыңырау» күйлері – терең философиялық астарымен ерекшеленсе, Асанқайғының «Жер ұйық» шығармасы – халық армандаған мекен туралы толғаныс. Сыбызғыда орындалатын халық күйі «Жылқысын жау айдаған жалғыз жігіт» пен Бейсенбі Дөненбайдың «Қымыз күйі», Жадыра Смағұлованың орындауындағы шертерге арналған «Жорға аю» сынды күйлер тыңдаушыны қазақ даласының тіршілік тынысымен қауыштырады. Әсіресе, Қарагөз Гасимованың орындауындағы сазсырнай, адырна, жетіген секілді көне аспаптарға арналған «Зәурен», «Аңшының зары» және авторлық «Тылсым дүние» шығармалары ұлттық үн мен заманауи көзқарастың көркем тоғысын паш етеді. Концерт соңында Тельман Ермағанбетовтың пиалафон аспабымен бірге ансамбль орындауындағы халық күйі «Пиала» сахналық қорытындыға айналмақ.
«Сарыарқа» ансамблінің бұл жобасы – ұмыт бола бастаған ұлттық мұрамызды қайта тірілтуге, көнеден жеткен сазды бүгінгі ұрпақпен жалғастыруға бағытталған өнердің өміршең үлгісі.
Достармен бөліс
Келесі оқиғалар сізге қызық болуы мүмкін:
