Қазақ операсының жауһарлары
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай 2025 жылғы 6 қыркүйек күні сағат 18:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Қазақ операсының жауһарлары» атты концерт өтеді.
Бағдарламада А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» және «Ақан сері – Ақтоты», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан ариялар мен дуэттер сахналанады. Сондай-ақ Е.Рахмадиевтің «Қамар Сұлу», «Алпамыс», Ғ.Жұбанованың «Еңлік – Кебек», А.Жайымовтың «Бейбарыс» операсынан үзінділер орындалады.
Кеште Шахризада Тыныштық, Бибігүл Жанұзақ, Ринат Нұрмұхан, Нұрсәт Алмас, Фируза Рахметова, Алтынбек Арыстанбек, Әділ Сұлтан, Айгерім Аманжолова сияқты белгілі солистер өнер көрсетеді. Концерт соңында барлық әншілер Абайдың мәңгілік мұрасы – «Көзімнің қарасы» әнін бірлесе орындайды.
Сонымен қатар, көрермендер Густав Малердің №1 симфониясы «Титан», Камиль Сен-Санстың №3 скрипкаға арналған концерті және А.Серкебаевтың «Променад» шығармасын тыңдай алады.
Бұл шара Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Классикалық вокал бөлімінің жаңа концерттік маусымының ашылуымен тұспа-тұс өтеді. Шығармаларды симфониялық оркестр сүйемелдейді.
«Қазақ операсының жауһарлары» кеші елордалық көрермен үшін ұмытылмас өнер мерекесіне айналмақ.
Рассказать друзьям
Рекомендуем также:

