«Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорығы
Ордабасы Ордабасы қорығы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылғы 26 мамырдағы № 1213 «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени және табиғи қорығын құру туралы" Жарлығына сәйкес Ордабасыда өткен тарихи оқиғалар мен тарихи – мәдени ескерткіштерді негізге ала отырып құрылды.
Ордабасы қазақ халқының тарихи – мәдени және рухани құндылығы. Ұлтымыздың тағдырын шешкен маңызды шешім қабылдаған киелі мекен. 1726 жылдың көктемінде Қазақ халқының дана билері Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйғаруымен Ордабасы тауында Ұлы жиын өтіп, халқымызды жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық майданын ашуға ортақ шешім жасап, ұлт болып бірігуге бәтуаласты. Сол жиында Қазыбек бидің ұсынысымен кіші жүз ханы Әбілхайыр қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып сайланып, Қанжығалы Бөгенбай батыр ұрыс туын көтерді.
Осы бірігудің арқасында қазақ жасағы 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзені бойындағы "Қара сиыр" деген жерде қалмақ жасағына ойсырата соққы беріп, жеңіске жетті. Бүгінде ол жер "Қалмаққырылған" деген атпен тарихта қалған болатын.
Осы жеңіспен рухтанған қазақ жасағы 1729 жылы Балқаш көлінің маңында Аңырақай шайқасында жоңғар басқыншыларының үстінен жеңіске жетіп, қазақ елі өз тәуелсіздігін сақтап қала алды. Ордабасы қорығының жалпы аумағы 1134 гектар.
Осы аумақта 140 обадан тұратын 28 - республикалық 10 - жергілікті дәрежедегі тарихи – мәдени ескерткіштер бар. Музей қорында 1000 ға жуық жәдігерлер сақталған. Қазақ рухының қағбасы болған Ордабасыға бұл күндері жер жүзінен аса қызығушылықпен тарихшылар мен саяхатшылар жылдан-жылға көптеп келуде.
Осыған байланысты қорық музей аумағына салынған «Ордабасы сапар орталығы» келуші туристерге сапалы қызымет көрсететін болады. Мұндағы біздің мақсатымыз Ордабасы өңірінің терең тарихы мен мәдениетін насихаттайтын асыл мұраларымызды келешек ұрпақ иелігіне тапсыру болып табылады.
