ПЕРІ ҚАТЫН
«ПЕРІ ҚАТЫН» - өз ішінде дала театры, пластикалық театр, би театры және музыкалық театр сияқты бірнеше жанрды тоғыстыратын абсурдты драмалық қойылым.
Миллиондаған адам өмірін құрбан еткен сұрапыл соғыс отыз жыл бойы жалғасып келеді.
Жауыздар заманы басталды. Адамның рухани байлығы мен ішкі жан дүниесі тарылып, билік ақшасы мен күші барлардың қолына көшті. Халық аштық пен зұлымдықтан зардап шегіп, соғысты табыс көзіне айналдыра бастады. Адамгершілік пен адалдық шетте қалып, адамның өзі ешбір құны жоқ затқа айналды.
Б.Брехттің «Мамаша Кураж и ее дети» пъесасындағы оқиға Орталық Еуропадағы 1618-1648 жылдар аралығында орын алған отыз жылдық соғыс барысында өрбиді.
Жүсіпбек театрының нұсқасы бойынша «ПЕРІ ҚАТЫН» қойылымындағы жағдай кез-келген уақытта орын алуы мүмкін: орта ғасырда да, болашақта да.
Перi Қатын бәріне пайдалы болатын азық-түлік және басқа да қажетті тауарларды сатуды кәсіп қылып күн көруде. Бұл пері әйел өз құрсағынан шыққан үш баласына қауіп төндіріп тұрған соғыс есебінен баюды көздейді.
Соғыс отбасылар мен балаларға қалай әсер етпек? Кәсіпкер ана балаларын соғыстан қорғай ала ма? Соғысты табыс көзіне айналдыру ойы жүзеге аса ма? Пері Қатынның көңілдесі – Аспаз жігіт бұл жағдайдан қандай пайда көрмек?
Спектакль кейіпкерлері бұл соғысты «дін жолындағы» соғыс дегенімен, шын мәнінде бұл қасиетті соғысқа жата ма? Әскери дінбасының дәріптеп жүргені не?