Қоңыр үнді аманат
2025 жылдың 13 желтоқсанында сағат 17:00-де Е.Рахмадив атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің ұйымдастыруымен «Қоңыр үнді аманат» атты күй кеші өтпек. Бұл кеште қазақ халқының бай күй мұрасы мен дәстүрлі орындаушылық өнері көрерменге ұсынылатын болады.
Бағдарлама Құрманғазының «Көк ала ат» күйімен ашылады. Одан кейін ҚР еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев әйгілі күйшінің «Ақбай» және «Байжұма» шығармаларын орындайды.
Мәдениет саласының үздігі Ерболат Сапуанов Қыздарбектің «Мұң» және Сембектің «Наз қосбасар» күйлерін домбырамен жеткізеді. Сондай-ақ Омар Райхан саз сырнайда Жаппас Қаламбаевтың «Маршын», ал Жігер Бертісов «Сары қамыс» пен «Жолаушы» күйлерін тартады.
Кеш барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бахытжан Дүйсенғазиев, Қарагөз Гасимова, Шығыс Махан, Ақерке Жөкен сынды белгілі орындаушылар өнер көрсетеді. Әрқайсысы өз аспабында қазақ күйінің табиғи бояуын, терең сырын көрерменге паш етпек.
Бағдарлама соңында ансамбль Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» және Құрманғазының «Сарыарқа» күйлерімен кешті түйіндейді.
Бұл күй кеші ұлттық музыка өнерін насихаттауға, ұлт рухын дәріптеуге және күйшілердің орындаушылық шеберлігін көпшілікке паш етуге бағытталады.
«Сарыарқа» ансамблі тыңдармандарға ұмытылмас әсер сыйлап, халқымыздың күй қоңырын жаңа тыныспен жеткізбек.
