«Рождественский вечер»
2025 жылдың 21 желтоқсан күні, сағат 17:00-де Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті көрермендерге арналған ерекше мерекелік бағдарламасын ұсынады. Жаңа жыл қарсаңындағы бұл «Рождественский вечер» концерті — классикалық музыка мен әлемдік танымал әуендердің көркем тоғысына құрылған шынайы өнер кеші болмақ.
Бағдарламада Еуропа классикасының жауһарлары, әлемге кең тараған рождестволық шығармалар және қазақ композиторларының нәзік те көркем туындылары орындалады. Кештің шымылдығы Вольфганг Амадей Моцарттың көңілге жеңілдік сыйлайтын әйгілі «Маленькая ночная серенадасымен» ашылады. Рождестволық дәстүрлі әуен Silent Night көрерменді жылылық пен тыныштыққа бөлесе, Дж. Пуччинидің «Хризантемы» шығармасы лирикалық тереңдігімен әсер қалдырады.
Француз композиторы Клод Дебюссидің Reverie туындысы тыңдарманды қиял әлеміне жетелеп, Misirlou мен Стефан Концтың A New Satisfaction шығармасы кешке өзгеше ырғақ пен заманауи серпін береді. Әлемге ортақ мереке әні Jingle Bells өз қуанышымен залды мерекелік көңіл күйге бөлейтіні сөзсіз.
Кеш барысында Карлос Гардельдің әйгілі Por Una Cabeza тангосы, Антонио Вивальдидің маусымдық циклінен «Қыс», сондай-ақ Stephan Koncz өңдеуіндегі Waltzing Matilda залға түрлі музыкалық бояу әкеледі. Эдвард Элгардың нәзік Salut d’Amour шығармасы махаббат әуезін жеткізсе, қазақ музыкасының інжу-маржандары Қ. Ахмедьяровтың «Haman Tolgau», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні және Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасы ұлттық рухты дәріптей түседі.
Ғ. Жұбанова атындағы ішекті квартеттің бұл мерекелік кеші түрлі дәуір мен мәдениеттің музыкалық үнін бір сахнада тоғыстырып, көрерменге жаңа жыл қарсаңында рухани сый тартпақ.
Музыка өнерін бағалайтын барша қауымды «Рождественский вечер» атты әсем әуендерге толы кешке шақырамыз.
