«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы
Тарихы: Сарайшық – ХІІІ-ХVІ ғасырларда Шығыс пен Батысты байланыстырған Ұлы Жібек жолының үстінде орналасқан білім-ғылымы, қолөнері мен саудасы дамыған өркениетті қалалардың бірі. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында орналасып, тоғыз жолдың тармағы ретінде атағы шыққан. Ол Алтын Орда дәуіріндегі ірі қалалардың бірі, ислам діни орталығы, империяның рухани астанасы болған. Бүгінде Сарайшық қаласы - Атырау облысындағы тарихи орындардың бірі болып саналады. Қала Жайық өзенінің жағасында Атырау қаласынан елу шақырым қашықтықта орналасқан.
Миссиясы: Ортағасырлық Сарайшық қаласы орны республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші. Сарайшық қаласын орнын сақтау, қорғау, зерттеу, насихаттау, оны туризм аймағына айналдыру және қазба орындарына археология, реставрация, консервация жұмыстарын ұйымдастыру міндеттерін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жүзеге асырады.
Коллекция: Музейде ортағасырлық Сарайшықтан табылған жәдігерлер, оның ішінде қолөнершілердің керамикалық ыдыстары, темір тұрмыстық бұйымдар, қыш құбырлар бөлшектері, сапасы сақталған кірпіштер, аң, құс, балық пішіндеріндегі керамикалық бұйымдар, сондай-ақ Алтын Орда ханы Мөңке Темірдің, Хорезм, Қырым, Иран, Үндістанда соғылған тиындар мен басқа да тарихи жәдігерлер қойылған.











