«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы
«Танбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы Алматы қаласынан солтүстік-батысқа 160 шақырым қашықтықта орналасқан, қола дәуірінен (шамамен 4000 жыл бұрын) XX ғасырдың басына дейінгі кезеңге жататын қоныстар мен қорымдарды қамтитын бірегей және құнды археологиялық кешен болып табылады. «Таңбалы» деген атауы өзінің басты көрікті жері – мыңдаған петроглифтер сақталған жартасты шатқалдардан тұрады. Қара жылтыр (патина) жартас беттеріне қашап салынған бұл бейнелер ашық аспан астында орналасқан және адам ойының нағыз мұрағаты болып табылады.Танбалыда 5000-нан астам петроглифтер бар.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1052 Қаулысымен 2003 жылдың қазан айының 14 жұлдызында Алматы облысы, Жамбыл ауданында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы» құрылды.
2004 жылғы 30 маусымда «Таңбалы» археологиялық ландшафтының Петроглифтері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мұралар Тізіміне енгізілді. «Таңбалы» музей – қорығының қорғау аймағы дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізу номинациясында көрсетілгендей 3800 га құрайды. 900 га ерекше қорғалатын табиғи аумақ, 2900 га буферлік зона.
«Таңбалы» кешені Балқаш көлі Шу өзенінің су сағасы бассейінін бөлетін Шу-Іле тауларынының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан және солтүстік Тянь-Шань тауларының жазықтау бөктері, шөлді далалы аймағының құрамына кіреді. Таңбалы археологиялық кешенінде жүзге жуық әр уақыттағы ескерткіштер, қоныстар, қабірлер, жартас суреттері, қола дәуірінен б.з.д. XIV-XIII ғасырлардың ортасынан XIX-XX ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Кешеннің ортаңғы аумағы сол дәуірлерде күн мен отқа табынатын қасиетті орын болып табылған.
«ТАҢБАЛЫ» МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНЫҢ АУМАҒЫНДА ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ:
- ақы төлегені туралы растайтын құжаттарсыз ерекше қорғалатын тарихи-мәдени және табиғи аумаққа кіруге;
- арнайы экскурсиялық соқпақтар мен туристік маршруттардан тыс жерлерге кіруге және олар арқылы жүріп өтуге;
- белгіленген орындардан тыс жерлерге автокөлік және басқа да механикалық құралдар қоюға;
- от жағуға;
- осы мақсаттар үшін белгіленген орындардан тыс жерлерде аялдау орындарын жабдықтауға, шатырлар құруға;
- ағаштар мен бұталарды кесуге, сындыруға және оларға зақым келтіруге, тұрмыстық қажеттілік үшін пайдалануға;
- табиғат, тарих, мәдениет және археология ескерткіштерін қиратуға және бүлдіруге;
- көрнекі ақпарат құралдары туралы белгілерді қиратуға және бүлдіруге;
- ағаштарға, тастарға және жартастарға жазулар жазуға және суреттер салуға;
- топырақ қабатын тұрмыстық қоқыспен және қалдықпен ластауға;
- қорықтың табиғи мұрасын құрайтын өсімдіктерді, пайдалы қазбаларды, тастарды және басқа да табиғи объектілерді жинау және әкетуге;
- түсіру немесе басқа мақсаттар үшін алдын ала рұқсатсыз дрондарды немесе басқа ұшақтарды пайдалануға;
- жабық аумақтарға және қорғаудағы объектілерге, оның ішінде археологиялық және тарихи ескерткіштерге кіруге;
- кәсіпорынның экскурсия ұйымдастырушылары мен күзет қызметі қызметкерлерінің талаптарын орындамауға;
- музей-қорық қызметкерлерінің алып жүруінсіз немесе белгіленген маршруттар мен ережелерді сақтамай экскурсиялар жүргізуге жол берілмейді.









