Ф. Буриевтің Бенефисі (AstanaBallet)
Фархад Буриевтің бенефисі
«Кармен-сюита» және «Ballet Gala» - «Астана Балет» сахнасында.
Фархад Буриев балет сахнасында 19 жылдан астам өнер көрсетіп келеді, оның ішінде 8 жыл бойы «Астана Балет» театрының жарқыраған жұлдызы болып келеді. Оның репертуарында «Жизель» балетіндегі Альберт пен «Щелкунчиктегі» Ханзада, «Махаббат аңызы» спектакліндегі Ферхад пен Уәзір, «Ромео мен Джульеттадағы» Тибальд, «Саломе» қойылымындағы Иоанн Шомылдырушы мен «Сұлтан Бейбарыстағы» Құтыз бейнелері, сондай-ақ Джордж Баланчин, Уильям Форсайт, Раймондо Ребека, Николо Фонте және басқа да хореографтардың балеттеріндегі басты партиялар бар. «Кармен-сюита» спектаклінде Фархад Буриев трагедиялық Хосе рөлін де, зұлым Коррехидор бейнесін де сомдаған. Ерлер партияларына тән қатаң, айқын сызықтар мен өткір қимылдардан құралған «Кармен-сюитаның» пластикасы актерлік шеберлікті, қозғалыс нақтылығын, мәнерлі қимылды және бай мимиканы аша түседі. Бұл қасиеттердің барлығы театрдың премьері Фархад Буриевтің өнерінде толық көрініс тапқан.
«Кармен-сюита»
Музыка: Жорж Бизе - Родион Щедрин
Либретто және хореография: А. Алонсо (П. Мерименің аттас новелласы бойынша)
Қоюшы балетмейстер: Тимофей Лавренюк
Сценограф: Жандос Омаров
Костюм суретшісі: Наталья Протасова
Жарық суретшісі: Евгений Тихонин
«Кармен-сюита» - XX ғасыр балет өнерінің баға жетпес жауһары. Еркіндікті сүйетін, оттай ыстық һәм құмарлыққа толы Карменнің өмір тарихы көптеген балетмейстерлерге шабыт сыйлап келеді, ал үздік балериналар бұл партияны орындауды арман етеді. «Кармен-сюита» ұлы Майя Плисецкаяға арнайы қойылған. Опера тақырыптарына музыкалық транскрипцияны композитор Родион Щедрин жазған. Ол музыка арқылы ұлы опера мен Проспер Мерименің новелласының нәзік психологиялық реңктерін шебер жеткізе білді. Ал кубалық балетмейстер Альберто Алонсоның кейіпкерлердің сезімі мен жан дүниесін жарқын әрі ерекше хореографиямен бейнелеуі бұл қойылымды өнер сүйер қауымның сүйікті балетіне айналдырып, әлемнің ең таңдаулы театр сахналарының репертуарына енгізді.
Достармен бөліс
Келесі оқиғалар сізге қызық болуы мүмкін:
