Матьоның халық өнері - Венгр мәдениетінің мұрасы
Алматы музейінде «Матьо халық өнері - венгр мәдениетінің мұрасы» атты көрме ашылды.
Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігі және Венгрияның Алматыдағы Бас консулдығының бірлесуімен ұйымдастырылып отыр.
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Матьо халық шығармашылығының кестелеу мәдениеті алғаш рет Қазақстанда - Алматы музейінің қабырғасында кеңінен таныстырылуда. Экспозицияда кестеленген алқызыл көрпелер мен тұрмыстық бұйымдар, ұлттық киім үлгілері және венгр халқының өмірі мен дәстүрі туралы сыр шертетін мұрағаттық фотосуреттер қойылған. Көрменің материалдары Венгрияның Мезёкёвешд қаласындағы Матьо музейі мен жекеменшік коллекционерлер тарапынан ұсынылған.
Көрмеге 100-ден астам бірегей жәдігер қойылып отыр. Олар Матьо кестесінің айрықша көркемдік стилін айшықтай отырып, Венгрияның бай мәдени мұрасын паш етеді және қазақ пен венгр халықтарының тарихи-мәдени байланысының тереңдігін көрсетеді.
Аталған көрме музейаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Бұған дейін, 2024 жылғы 3 қазан мен 20 қараша аралығында Алматы қаласы тарихы музейінің қорынан құралған көрме Венгрияның Карцаг қаласындағы «Карцаг Кинче» өнер музейінде ұсынылып, венгр жұртшылығы тарапынан зор қызығушылық тудырған болатын.
Көрме 2025 жылдың 16 шілдесіне дейін жалғасады
Достармен бөліс
Келесі оқиғалар сізге қызық болуы мүмкін:



