Құраш Зульфикардың «Аңыздар ізімен» атты жеке шығармашылық көрмесі
2025 жылдың 25 шілдесінде сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның белгілі суретшісі, график-кескіндемеші, кітап иллюстраторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Кураш Зульфикардың «Аңыздар ізімен» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.
Бұл көрме - шебердің 75 жылдық мерейтойына арналған, оның шығармашылық жолына арналған алғашқы ауқымды ретроспективалық шолу. Елу жылдан астам уақыт ішінде салынған жүзден аса туындылар - алғашқы графикалық эскиздер мен станоктық сериялардан бастап кітап иллюстрациялары мен жаңа акварель парақтарына дейін - біртұтас көркемдік өмірбаянға тоғысады. Экспозиция хронологиялық және тақырыптық ретпен құрылған.
Көрме тек суретшінің техникалық шеберлігін ғана емес, сонымен қатар оның түркі және ұйғыр мәдениетіне деген терең байланысын көрсетеді. Кураш Зульфикардың жұмыстары - бұл жады мен тарихтың, тіл мен фольклордың бейнелік метафоралары. Бұл туындыларда әрбір бейне мен өрнек рухани сабақтастықты, мәдени кодты және поэтикалық архетиптерді бойына сіңірген.
«Шоқан Уәлихановтың Қашғарияға сапары» сериясынан бастап, «Оғыз-нама» эпосы мен «Ұйғыр халық ертегілеріне» дейінгі иллюстрацияларында автордың образға, ырғаққа және мағынаға деген құрметі айқын сезіледі. Оның иллюстрациялары - философиялық астары мол, этнографиялық дәлдікпен және шығыстық миниатюра стиліндегі нәзік стилизациямен көмкерілген графикалық поэзия.
Көрмедегі айрықша назар аударарлық дүние - 2023 жылдан бері жалғасып келе жатқан ұйғыр аңыздарына арналған ірі иллюстрациялық серия. 2025 жылдың алғашқы жартысында суретші он төрт толыққанды парақ жасап, мифологиялық тақырыптарды қозғалысқа, түске және мазмұнға бай философиялық бейнелерге айналдырды.
Кураш Масимжанович Зульфикар - Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі мен Ташкент театр-көркемсурет институтының түлегі. Ол «Жазушы» баспасында он жылдан аса уақыт бойы аға көркем редактор болып жұмыс істеп, қазақ және ұйғыр авторларының ондаған кітаптарын безендірді. Ұйғыр кітап графикасын дамытуға қосқан үлесі үшін 2007 жылы «Илһам» сыйлығымен марапатталған. Оның шығармалары Қазақстан мен шетелдегі музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы.
«Аңыздар ізімен» көрмесі - бұл түп-тамырға оралу, мәдени жадымен үнқатысу, тағдыр арнасы арқылы бейнелеу өнеріне айналған рухани сапар.
Достармен бөліс
Келесі оқиғалар сізге қызық болуы мүмкін:

