Le Songe d'Abaï
Қазақконцерт сахнасында алғаш рет әлемдік музыка мен Абай мұрасына заманауи көзқарасты ұштастырған ерекше бағдарлама ұсынылады. Бұл кеште музыка мәдениеттер мен дәуірлер арасындағы терең философиялық диалог көрінісіне айналып, «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы мен Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі маэстро Мария Бенюмованың (Австрия) дирижерлік етуімен өнер көрсетеді.
Мария Бенюмованың есімі Еуропаның жетекші сахналарында кеңінен танымал. Ол әлемнің таңдаулы оркестрлері мен хорларымен әріптестік танытып, музыкалық академиялар мен фестивальдерде табысты өнер көрсеткен. Оның орындау мәнері жоғары кәсібилік пен эмоциялық әсердің үйлесімі ретінде бағаланады.
«FORTE TRIO» мемлекеттік трио ансамблін белгілі пианист, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев құрған болатын. Ол классикалық ансамбльге скрипканы (Мақсат Жүсіпов), виолончельді (Мұрат Нарбеков) және фортепианоны (маэстроның өзі ойнайды) біріктірді. Аспаптардың құрамы жағынан бұл Қазақстандағы алғашқы және жалғыз музыкалық ұжым болып табылады.
Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі - Қазақстанның жетекші музыкалық ұжымдарының бірі. Оркестр 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсахаджаеваның бастамасымен құрылды. Дарынды 90 музыканттан тұратын оркестр әртүрлі дәуірлер мен стильдердің туындыларын, барокко, классикалық және заманауи музыка орындау өнерін жоғары дәрежеде меңгерген. Оркестр құрамы виртуоз шеберлер мен камералық музыкалаудың үздік әлемдік дәстүрлерін дамытып жүрген халықаралық байқаулардың лауреаттары, яғни жоғары кәсіби музыканттардан тұрады.
Музыкалық кеште француз композиторы Пьер Тиллуаның арнайы «FORTE TRIO» ансамбліне арнап жазған «Абай арманы» атты туындысының Қазақстандағы премьерасы өтеді. Туындының әлемдік тұсаукесері алғаш рет 2023 жылы Франция елінде көрермендер назарына ұсынылды. Аталмыш шығарма Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған музыкалық арнау болып отыр.
Бағдарламада орындалатын шығармалар:
Габриэль Форе - «Маска мен Бергамаска» сюитасынан увертюра мен гавот, опус 112
Феликс Мендельсон - №4 симфония, ля мажор
Роберт Вард - «Өмір қуанышының диалогы»
Трио мен оркестрге арналған концерттер сирек орындалады және ерекше шығармашылық сайыс іспетті. «Абай арманы» туындысында бұл өзара байланыс философиялық мәнге ие болып, Абайдың өзі секілді, ұлттық және адамзатқа ортақ идеялар ұштастырылған. Сондай-ақ, музыкалық шығармада ұлы ақынның ой еркіндігі, рухани ізденіс пен үйлесімге ұмтылған дүниетанымы музыка арқылы көрініс табады.