Иқласова Майса Қамысбайқызының «Киелі киіз өнерім» атты жеке көрмесі
2025 жылғы 25 шілдеде сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Иқласова Майса Қамысбайқызының «Киелі киіз - өнерім» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозицияда киіз бен графика техникасында орындалған 40-тан астам туынды ұсынылады.
Майса Иқласова - 1956 жылғы 12 шілдеде Новосібір облысы Қарасук ауданы Жаңа жол ауылында дүниеге келген. Ол - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, театр суретшісі, график және сәндік-қолданбалы өнер шебері.
1979 жылы Шымкенттегі Ә. Қастеев атындағы көркемсурет училищесін, ал 1981-1986 жылдар аралығында Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтының «Сценография, театр техникасы мен қойылымды көркемдеу» мамандығын тәмамдаған.
Студент кезінде, 1985 жылы, алғашқы кәсіби қызметін «Алатау» ұлттық телеарнасында бастаған. Сонымен қатар елордалық Жастар театрына (ТЮЗ) костюм суретшісі ретінде шақырылып, республикалық телеарналар үшін телеспектакльдер мен фильмдерге қатысқан.
1997-2002 жылдары Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар музыкалық-драма театрында суретші-қоюшы, кейін бас суретші қызметтерін атқарды. 2002-2017 жылдар аралығында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Сәулет және дизайн» кафедрасында оқытушылық етті. Бұл жылдары Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрында бірқатар қойылымдарды безендіріп, Алматы қаласындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.
Майса Икласованың шығармашылығы сан қырлы. Оның кескіндемелері, графикалық туындылары, қарындашпен салынған портреттері, батик техникасындағы жұмыстары - барлығы суретшінің көркемдік даралығын жарқын бейнелейді. Соңғы жылдары ол шығармашылығында өзіне ерекше жақын әрі жан дүниесіне жылы көрінетін материал - киізге жиі жүгінуде. Осы себепті мерейтойлық көрмесінің елеулі бөлігін дәл осы техникамен орындалған туындылары құрайды. Киізбен жұмыс істеу техникасы оның шығармашылығында ерекше орын алды. Оған бұл өнерді алғаш үйреткен - суретшінің ең алғашқы ұстазы болған әжесі. Бүгінде ол қазақтың дәстүрлі киіз басу өнерін заманауи авторлық тәсілмен жалғастырып, ұлттық нақыштағы ерекше дүниелер жасауда.
Суретшілік қабілеті Майсада бала кезден байқалды. Қолына түскен кез келген затқа - қағаз, қабырға, әкесі-ұстаз алып келген ескі сынып журналдарына - сурет сала беретін. Себебі ол уақытта сапалы қағаз тапшы болатын. Сурет салу оның ішкі қажеттілігіне айналды, ал өнер бүгінде де өміріндегі басты орынға ие. Оны шабыттандыратын кез келген нәрсе болуы мүмкін: адамның жүзі, көңіл күй, жан тебіренісі, мейірімділік, табиғаттың мінезі.
Шығармашылыққа жан-тәнімен берілген, тың идеяларға жаны құмар суретші жиі түрде Ыстықкөлдегі халықаралық пленэрлерге қатысады. Осындай бір сапардың нәтижесінде төрт елдің суретшілерін біріктірген, Қырғызстанға арналған халықаралық көрменің ұйымдастырылуына түрткі болды. 2023 жылы ол Ресейдің Отбасы жылына және Уфа қаласының 450 жылдығына арналған Башқұрт мемлекеттік бейнелеу өнері музейі - «Ижад» орталығында өткен үшінші республикалық «Войлокфест» көркем киіз фестиваліне қатысты.
Қазіргі таңда Майса Икласова студенттерге сурет, кескіндеме, композиция, сәндік-қолданбалы өнер, костюм тарихы мен киім дизайнын үйретіп, өз шеберлігі мен білімін аянбай бөлісуде.
Майса Икласованың жеке көрмелері:
«Поэзия, менімен егіз бе едің...», 2009 жылдың тамызы, Алматы, Ә. Қастеев атындағы өнер музейі
«Жібек жолы», 2014 жылдың желтоқсаны, Омбы (Ресей), А. С. Пушкин атындағы ғылыми кітапхана
«Халықаралық қолөнершілер фестивалі», 2015 жылдың қарашасы, Абу-Даби (БАӘ)
«Қазақстан поэзиясы аясында», 2015 жылдың қазаны, Астана, Тұңғыш Президент музейі
«Қайран, 25!», 2016 жылдың желтоқсаны, Павлодар, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған
«Көктем лебізі», 2022 жылдың наурызы, «Алматы» галереясы
«Өзек», 2023 жылдың маусымы, Қарақол (Қырғызстан)
Майса Икласова - қалалық, республикалық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысы. Оның туындылары Түркия, Германия, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері және АҚШ-тың жеке коллекцияларында сақтаулы.
Достармен бөліс
Келесі оқиғалар сізге қызық болуы мүмкін:
.jpg?w=220&h=300)
