Сәкен Бектияр Көрмесі - «Келте Алтын Ғасыр»
2025 жылғы 3 шілде күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде қазақстандық суретші Сәкен Бектиярдың «Келте Алтын Ғасыр» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.
«Келте Алтын Ғасыр» көрмесі - ұлттық көркем мәдениетті толықтыратын маңызды шара. Жылдар бойғы шығармашылық ізденістің, ішкі толғаныстың және көркемдік тәжірибенің нәтижесі. Сәкен Бектияр бейнелерінің әлеміне тереңірек енуге мүмкіндік беретін нағыз ой кеңістігі. Уақыт, тағдыр, тән және сызық туралы философиялық толғаныс. Суретшінің өзі бұл мәнерін «графика музыкасы» деп атайды, мұнда сызық даланың тынысы және дауысымен тең.
Суретші графика, кескіндеме және иллюстрация саласында жұмыс істейді, поэтикалық және музыкалық ойлаумен ұштасқан визуалды медианы біріктіреді. Оның стилі академиялық канондардан тыс қалыптасқанымен, пластика мен композицияны терең сезіну арқылы пішіндік ырғақ пен ішкі шиеленіске толы бейнелер жасауға мүмкіндік береді.
Экспозицияда ірі форматты кескіндеме туындылармен қатар тушьпен, көмірмен және қарындашпен орындалған нәзік графикалық парақтар ұсынылады. «Қыз қуу немесе махаббат мейрамы», «Қара аққу» және «Күміс сырғалы қазақ қызы» серияларынан тұратын жұмыстар ерекше орын алады. Бұл туындыларда далалық мәдениетке тамыр жайған халық архетиптері мен мотивтері бүгінгі заманда қайта ой елегінен өткізіліп, жаңаша бейнеленеді. Соңғы жылдардың «Шеңбер немесе үйлесімге ұмтылыс», «Салт атты және оның олжасы» атты кескіндемелері де назар аударуға тұрарлық, оларда суретші ұжымдық бейсаналық пен даланың визуалды жадын қозғайды.
Түстер палитрасы қанық қара мен охрадан бастап, мөлдір сұр мен тұманды қызғылт реңктерге дейін ауысады. Бұл - суретшінің сезімді жеткізу тәсілі; бұл түстер сипаттауға емес, көрерменнің қабылдауына әсер етуге арналған. Өнертанушы Надежда Полонскаяның сөзімен айтқанда: «Ол сурет салады - ән салғандай, ән салады - тыныс алғандай... Мұны көру керек, сөзбен жеткізу қиын».
Kenbee деген бүркеншік есіммен де танымал Сәкен Бектияр - «Tengry Umai» галереясындағы көрмелерден бастап Германия, Испания, Черногория мен Ұлыбританиядағы (оның ішінде Victoria and Albert Museum) резиденцияларға дейін көптеген халықаралық жобалардың қатысушысы. Оның туындылары әлемнің әр түкпіріндегі жекеменшік коллекцияларда сақтаулы.
Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейіндегі көрме - 2000-жылдардан басталып, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан «Келте Алтын Ғасыр» сериялы көрмелерінің маңызды кезеңі болмақ.
Достармен бөліс
Келесі оқиғалар сізге қызық болуы мүмкін:
