Концерттік маусымның ашылуы
2025 жылдың 11 қыркүйек күні сағат 19:00-де Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық залында еліміздегі беделді шығармашылық ұжымдардың бірі – Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті квартет өзінің 30-жылдық мерейтойлық концерттік маусымның ашылуына шақырады.
Кеш Моцарттың классикалық үлгідегі KV 387 квартетімен басталады. Бұл туындысы өзінің нәзік әуені мен үйлесімді құрылымымен тыңдарманды саз әлемінің әсемдігіне жетелейді. Шығарманың полифониялық өрнегі мен әуендік күрделілігі Моцарттың ұлылығын тағы бір мәрте айғақтайды.
Келесі орында – америкалық композитор Сэмюэл Барбердің ХХ ғасырдағы ең танымал шығармаларының бірі. Оның ішекті квартеті, әсіресе әйгілі Adagio for Strings бөлігі терең философиялық мазмұнға толы. Шығарманың сазды толқыны тыңдарманды уақыт пен мәңгілік туралы ойға жетелейді.
Бағдарламаның шарықтау шегінде қазақ композиторы К.Ахмедьяровтың «Хамаң толғауы» орындалады. А. Сағымбаевтың өңдеуінде бұл шығарма ішекті квартет орындауында жаңа бояу алып, ұлттық әуен мен классикалық стильдің үйлесімін паш етеді. Қазақ руханияты мен дәстүрлі саздың қуаты классикалық орындаушылықпен астаса отырып, тыңдарманға терең әсер қалдырады.
Ұжым құрамында:
● Айдар Тоқталиұлы – бірінші скрипка
● Алексей Лебедев – екінші скрипка
● Бекзат Сайлаубайұлы – альт
● Ернар Мыңтаев – виолончель
Квартеттің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев.
Бұл кеш – әлемдік классика мен қазақи нақыштағы әуеннің тоғысқан ерекше сәті. Жаңа маусымның алғашқы концерті өнерсүйер қауымға шабыт пен рухани ләззат сыйлайтыны сөзсіз.
Достармен бөліс
Келесі оқиғалар сізге қызық болуы мүмкін:

