Жасай бер, Қазақ ЕЛІ!
ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты концерт өтеді
2025 жылдың 29 тамызы күні сағат 19:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Қайролла Жұмакенов атындағы үрлемелі аспаптар оркестрі «Жасай бер, қазақ елі!» атты мерекелік концертін ұсынады. Бұл кеш Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай өтпек.
Ата Заң - еліміздің басты құндылығы, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен бірлігінің негізі. Осы айтулы датаға арналған концертте елге белгілі вокалистер мен талантты музыканттар өнер көрсетеді. Кеш барысында көрерменге патриоттық рухтағы танымал әндер мен үрлемелі оркестрге лайықталған классикалық және эстрадалық шығармалардан тұратын мазмұнды бағдарлама ұсынылады.
Концерт шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылады. Одан кейін С. Бәйтерековтің «Қазақстан», Е. Брусиловскийдің «Шашу», К. Күмісбековтің «Биші қайың», Ш. Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында», «Ақерке - Ақжайық», «Қайықта» сияқты кеңінен танымал туындылар орындалады. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне жазылған шығармалар мен Құрманғазының әйгілі «Адай» күйі оркестр орындауында жаңаша сипат алады.
Кеште өнер көрсететін орындаушылар қатарында Арайлым Рахымқызы, Бибігүл Жанұзақ, Парасат Отан, Алтыншаш Мұқатаева, Ақбота Құснадин, Айдын Жұмабаев, Әкімхан Маженов, Ринат Нұрмахан, Құралай Мейрамбек және Азамат Жылтыркөзов бар.
Концерттің шарықтау шегінде Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әні үрлемелі оркестр, вокалдық солистер және Құрметті қарауыл ротасының қатысуымен орындалмақ.
Кешке дирижерлік етеді - Дәурен Рахымғалиев.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі - Н. Почиталин.
Эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі - Дана Сатаева.
Классикалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі - Роза Шоткалиева.
Филармония ұжымы ел тарихындағы маңызды белестің бірі - Конституция күніне арналған бұл концерт арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті өнер тілімен өрнектемек.
Рассказать друзьям
Рекомендуем также:

 (55).jpg?w=220&h=300)